ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ТҰЖЫРЫМЫМЕН САБАҚТАСАДЫ

Латын негізді әліпбиіне көшу – заман талабы. Ана тілімізді сақтап қалудың негізі болып табылатын бұл реформаны отандық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қуаттап келеді. Ел деңгейінде түрлі жиындар өтіп, латын әліпбиі өркениет көшіне ілесудің өзегі екені айтылып, кеңінен насихатталуда. Ғалымдардың пайымдауынша: латын әліпбиіне көшу деген – тек жазуымызды жаңа әліпбиге ауыстыра салу ғана емес. Бұл – біздің тілімізді реформалау, сол арқылы санамызды жаңғырту. Яғни, жаңа жазуға көшу арқылы халықтың санасын өзгерту, ұлтты бір идеяның төңірегінде ұйыстыру көзделіп отыр деп тұжыруға болады.

Латын негізді әліпбиге көшу туралы идея тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады. Қоғамда ғалымдар мен тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері т.б. идеология майданының көшін бастап жүрген көптеген отандастарымыз бұл мәселеге бейжай қараған емес. Иә, қазақ қоғамында әліпби мәселесі қызу талқылануда. Жалпы, қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандары, жекелеген азаматтар тарапынан көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», – деген болатын. Әрине, бұл тарихи таңдау тіл тазалығын сақтап қалуға жасалған нақты қадам.

Латын әліпбиіне көшу аса маңызды мәселе болғандықтан жаңа жазу нұсқасын қабылдау оңайға түспеді. Бұл реформаның мәні – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты кеткен қателіктерді дұрыстауды көздейтіндігімен ерекшеленеді. Түптеп келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы қажет.

«Мұндай тағдыршешті реформа барлық елде күнде-күнде бола беретін шаруа емес. Біз көп елдердің тәжірибесіне үңілдік, зерттедік. Түркітілдес Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, әліпби ауыстыру ісін жүзеге асырған реформаторлар мұны жай ғана тілдік реформа деп қарастырмаған. Мысалы, Түркияда бұл өзгеріс Мұстафа Кемал Ататүріктің бастауымен жаңа заманға өту, еуропалық өмір салтына көшумен байланыстырылып, Осман империясының ескі қалдықтарынан кетіп, заманауи Республика құрудың рухани негізі ретінде жүзеге асырылған»-дейді бізге берген сұхбатында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Анар Фазылжан.

Латыннегізді әліпбиін қолданысқа енгізудің тиімді тұстары жөнінде зерттеушілеріміз бен ғалымдардың тұжырымдары көп-ақ. Солардың бірі түркітанушы, профессор, академик Шәкір Ыбыраев кирилл жазуынан латынға көшіргенде ұтарымыз көп дегенді айтады. «Біріншіден, тіл тазалығы, яғни тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек»-дейді ғалым. Реформаның мәнін ұққан адам ғалым ағамыздың бұл пікірімен толық келісері анық. Расында тіл реформасының мәні зор. Бірінші кезекте тіл тазалығын сақтауға зор септігін тигізбек. Өйткені, кірме сөздерді қабылдауда кеңестік отарлық сананың үстемдігі себеп болуы керек: көп сөздерді сол енген елдің тілінде «таза» қолданамыз деп тілімізді шұбарлатып алдық.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, тілге қатысты түйткілдер аз болмаған екен. 1939 жылы тамызда орыс-кирилл графикасын қабылдарда «орыс тілін тез үйренеміз», «термин сөздерді тез меңгереміз» деген стратегиялық мақсат қойылған. Өзге тілден енген кірме сөздерді, терминдерді сол қалпында қабылдауымыз, кирилл әліпбиінің қазақ төл дыбыстарын нақты бере алмауы бұл тарапта біршама проблемалар туындатып, нәтижесінде ана тілімізден алшақтап, ажырап қалуымызға сәл-ақ қалған жайымыз бар. Халықаралық терминдер бұрмаланбауы тиіс деген қағиданы қатып ұстанып, табиғатымызға келмейтін дыбыстарды таза акцентсіз айтамыз деп, «тілімізді бұрап» өзімізді мәжбүрледік. Мәселен, «машина» деген сөзді өмірде «мәшине, «мәшін» деп айтсақ та, жазғанда – «машина» деп жазамыз. Ал, түрік ағайындар. «конференция» дегенді – «көмпренс», фестиваль сөзін – «фестуал» деп жазады. Яки, бұл мысалдардан кірме сөзді өз тілдеріне бейімдегенін байқаймыз. Біз де керісінше оларға «бейімделгенбіз». Енді, латынға көшкенде біз осы төл дыбыстарымызды, ешкімге жалтақтамай, қысылмай, табиғи жатық түрде жазып, қолданатын боламыз. «Халықаралық терминдерді тілдің айтылу нормасына сай жазамын деп сеніңіз. Мәшине, пошта деп жазуға жүрексініп, орыс тіліне қастандық жасағандай болатын ойымыздан айырыламыз. Mäshine, poshta деп, қасқайып жазатын ұрпақ өсіреміз. Ол үшін жаңа жазу – ұлтымыздың өз еркімен таңдаған ұлттық жазуы болуына қызмет етуіміз керек», – дейді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының жетекші ғалымы, профессор Құралай Күдеринова.

Тіл реформасының жүріп жатқанынан бес жылдан асып барады. Алғашқы қарқын алған тұста 2020 жылы мектеп табалдырығын аттаған балаларымыз латыннегізді әліпбимен оқыту туралы меже болған. 2019 жылы Мемлекет басшысы тіл реформасын үстірт, шала-дүрсін қарамауды талап етіп, әлі де жетілдіре түсуді тапсырған болатын. «Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», – деген тұжырым болды сол тұстағы Үкімет отырысында. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институт бастаған ғалымдар тобы бұл жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Латын қарпіне ауысудағы басты қағида – «бір дыбыс – бір әріп» қағидасын сақтау. Яғни, қазақ тілінің жазу дәстүріндегі талапқа негізделген. Қазіргі нұсқада қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Әліпбиді жетілдіру жолында қазақ тілінің емле ережелері сақталған. Әрі пернетақталарда әріптердің орналасу тәртібі де қаралды.

Бұл ретте ғалым, профессор, жаңа әліпби жасау жөнінде жұмыс тобының жетекшісі, Қ.Күдеринованың: «ХХ ғасыр басында Н.Төреқұлов «Түркі жазуларына унификация керек. Өйткені бәрі бірдей сөйлейді, бірақ әртүрлі жазады» деген екен. Қазір әртүрлі сөйлейтін тілдерге айналдық, бірақ ортақ ақпараттармен қиындықсыз қарулану үшін, бір-біріміздің жазба тілімізді кедергісіз түсіну үшін әріптердің бірмәнді болғаны жөн еді. Бірақ қазіргі латын негізді түркі жазулары ортақ әліпбиден ауытқыды, әр жазуда 2-ден 8-ге дейін әріп алшақтығы бар. Түркі-латын стандартында қосар әріп жоқ. Бұл түркілік қабылдауға сәйкес. Бірақ әріпасты, әріпүсті диакритика бар. Ғалымдар әріп диакритикасына барынша сақтықпен қарауға да тырысты» деп, әліпби жобаларының негізгі ұсынысында түркі-латын стандарты басшылыққа алынғанын тілге тиек етуі мейлінше қисынды. Иә, латын әліпбиіне көшу – түркі әлемімен интеграцияланудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық кеңістікке шығуына жол ашпақ. Сол себепті дамуды бетке алған Жаңа Қазақстан құруды көздейтін еліміздің идеологиялық ұстындарының бірі ретінде әліпби, жазу реформасын қолдауымыз керек деп ойлаймын.

Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *