ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІ

Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тілімздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр. Латынға көшу туралы жоғарыда айтылған алғашқы екі мәселеге әр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен тіл мамандары белсенділік танытып отыр. Бірақ тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазіргі оқыған жұрт бұрынғыдай өзге тілдің сөздерін бұзып айтуды оғаш көреді, сондықтан «қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы қыруар әріпті өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, әліпбиі құрамынан шығарып тастау емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдыратын шешім» деген пікір айтып, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды[2.4].

«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан әліпби реформасы нақты ғылыми ұстанымдарға сүйенеді.

Кешегі өктемсоқ кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ орыс тілінің ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына ауыстырылып, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды[3]. Сөйтіп тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанына» үйреніп кеттік. Тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен реңкін жоғалта бастады.

Бір тілден екіншісіне сөз ауыса берсе де, әр тілдің өзіндік дыбыстары мен жазу емлесі болатынын есте сақтаған жөн. Кейбір ғалымдардың «Бір тілдің бір тілді үстемелеп, байытып, түрлендіріп отыруы – барлық тілге тән ортақ заңдылық», «орыс тіліне бес-алты мыңдай түркі сөздері енген» деген пікірлері дұрыс айтылған, бірақ орыс тіліне енген түркі сөздері орыс тілінің дыбыстық заңдылығына сай өзгеріске түсіп енгенін, ал қазақ тілінде өзге тіл сөздері еш өзгеріссіз, басқа тіл заңдылығына сай алынғанын да ескеруіміз керек.

Жазудан айту басым болған кезеңдегі «оқымаған» халық орыс тілінен келген сөздерді өз тілінің ұлттық бояуымен көмкеріп, бөтелке (бутылка) бөшке(бочка), бәтеңке(ботинка), орыс(русс), шайнек(чайник), кәмпит(конфеты), ұшқыш(летчик), пәнер(фанер), жорнал(журнал) деп өз сөзі етіп алған еді. Осы халықтық ұстаным А.Байтұрсынұлы сияқты ғалымдар еңбектерінің негізгі тірегі болды[4]. Бірақ кейінгі кезеңде «операция», «ассимиляция», «электр», «эксковатор», «съезд», «космос», «бюджет», «атом», «театр», «архитектура», «фотография», «телеграф», «архив» т.б өзге тіл сөздері тау суындай тасқындап тілімізге өзгеріссіз келіп жатты.

Тілді тіл етіп, бар табиғаты мен болмыс-бітімін айқындап тұратын басты заңдылықтарының бірі – дыбыстардың бір-бірімен көрші тұруы, тіркесуі. Қазақ тілінде буын, сөз ішіндегі және сөз бен сөз аралығындағы дыбыстар өзара келісіп, үйлесіп, үндесіп, басқаша айтқанда бір-бірімен қол ұстасып, жарасым тауып, үндестік заңына бағынып тұрады. Бұл заңнан тысқары тұрған дыбыс, буын не сөз болмайды. Ал тілінде үндестік заңы емес, сөз екпіні үстем орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің басты заңдылығына кері әсер етіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі әр сөздің табиғи бояуы дыбыстар тіркесі арқылы, яғни үндестік заңы арқылы танылады. Орыс тілі және осы тіл арқылы дауыстының не бірнеше дауыссыздың сөз ішінде, әсіресе, бір буында қатар келуі қазақ тілінің табиғатына жат тіркесімдер болып табылады. Осындай тіркесі бар сөздер қазақ сөзінің ұлттық бояуына дақ түсірді. Мысалы: поэма,дуэт, какао, соус, оазис, Аида, Раиса, Зоя, сияқты т.б сөздер тіліміздің айтылым табиғатына сай келмей тұр. Кейбір ғалымдар «қазақ тілінде сингармонизм елеулі өзгеріске ұшырады» деген пікір айтып, аралас буынмен жазылған кейбір сөздердің «естілімі әуезді де әсем ырғақты» айтылатынын тілге тиек етеді. Шындығында, аралас буынмен жазылса да, «бидай», «ғибрат», «жиhаз», «жина» т.б. сөздердің орфоэпиясы аралас емес екенін ескеру керек[5].

Тіл білімінде сөздің мағынасын өзгерте алатын, мағынаға қатысты дыбысты «фонема» деп атайды, ал оның сөйлеу барысындағы естілетін әр түрлі реңктері дыбыстың вариант, вариациясы деп аталады. Егер фонеманың реңктерін арнайы әріптермен таңбаласақ, оған таңба да жетпес еді, бұл дұрыс та болмас еді. Бірақ осындай кемшілік біздің қазіргі әліпбиімізде бар. Мысалы, «қ», фонемасының реңктері х, h дыбыстары қош-хош, қалық- халық, қабар-хабар, қайыр-хайыр, қақарман-қахарман-қаhарман, Гауқар-Гауhар-Гаухар деген сөздерде қай дыбысты қолдансаң да мағына өзгермей тұрғаны, бұл кемшілік бір фонеманы үш әріппен таңбалаудан туындаған. Сөйтіп, қазақтың «қ» фонемасымен айтылатын сөздер әліпбиімізге қазақ тілінде жоқ, орыстың «х» фонемасы енгізілуіне байланысты, бірде қазақтың «қ» фонемасымен, бірде орыстың «х» фонемасымен, енді бірде араб сөздеріндегі «h» фонемасымен әр түрлі жазылып, жұртты адастырып жүр. Сондай-ақ, қазіргі жазуымызда қазақ тілінде «қатаң дыбыстан соң қатаң дыбыс, ұяң дыбыстан соң ұяң дыбыс келеді» деген заңдылығы «сұхбат», «сахна», «мәслихат», «ресми», «шашлық», «лағман», «қызмет» сияқты т.б. көптеген сөздерде бұзылып жүр. «Емле», «мемлекет», деген сөздер де дұрыс жазылмай орнығып қалды. Қазақ тілінің дыбыстық заңы бойынша сөз басында- «и», «у», «л», «р», дыбыстары, ал сөз аяғында «б», «д», «ж», «г», дыбыстары келмейтін болса, йод, йон, университет, логика, ленолиуим, лагерь, радио, рельс, штаб, завод, гараж, массаж, монтаж, филолог, монолог, педагог сияқты т.б сөздерде дыбыстық әуеніміз басқаша күй кешіп тұр. Бір түбір сөздің ішінде бір дыбыстың қатар қайталануы бұрын араб сөздері арқылы келсе де, оны халық ұлттық бояуымен өзгертіп (молла-молда, алла-алда-Алдаберген, суннат-сүндет, үммет-үмбет) алса, орыс тілі арқылы келген «касса», «миллион», «тонна», «аппарат» сияқты сөздер шәлкес тіркестермен өзгеріссіз қолданып, жастарымыз өзгеріссіз айтып жүр[6.89].

Басқа тілдің сөздеріне есікті айқара ашып тастап, «қонақжайлық» танытып, сол күйінде ала беру тілдің лексикалық жүйесінде өзге сөздердің салмағы арта түсуіне, өз сөзіңнің азая беруіне себепкер болады. Мұндай әрекеттер тілді өшірмесе, өсірмейді. Бүгінгінің білікті ғалымдарының бірі Б.Қалиев: «Халықаралық терминдер барлық тілде еш өзгеріссіз алынады, деген ой дұрыс емес»,дейді[7.416]. Ғалымның бұл сөзінің дұрыстығын тіліміздің қазіргі жайынан-ақ анық байқауымызға болады. Бұл жөнінде Ш.Құрманбайұлы: «Терминологиямыздың негізгі бөлігін өзге тілдерден дайын қалпында қабылданған терминдер құрап тұрған біздің жағдайымызда ұлт тілінде термин жасауға айрықша мән берілуі керек», – дейді[8.95]. Қазақ терминологиясының өз ана тілімізде қалыптасуы – туған тіліміз болашағының бір кепілі. Сондықтан Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы сияқты терминология саласы мамандарының көзқарастарына ерекше назар аударған жөн деп білеміз. Негізінен барлық терминді жалпы жұрттың білуі де міндет емес, бәрін білу де мүмкін емес, сондықтан жалпы жұртқа өз тіліндегі термин ғана қажет, ал маманға өз тіліндегі терминмен бірге халықаралық деңгейдегі терминдерді де білу қажет. Осы тұрғыда қарасақ, бізде, құдайға шүкір, өзге тілдегі, халықаралық деңгейдегі терминдерге сүрініп жығыламыз да, өз тіліміздегі, яғни А.Байтұрсынұлы ұстанымдары бойынша жасалған, терминдер, тіл-әдебиеттен басқа салада, өте аз екенін білеміз. Менің ойымша, терминология үлкен жауапкершілікті қажет етеді: барлық терминді өз тілімізде сөйлетеміз деген де, өзгертпей қабылдай береміз деген де қателеседі, осы екеуінің шегарасын таба білген ұтады. Сондықтан өзге тіл сөздеріне жармаса бермей, таза ұлттық терминология қорын жасауға ерекше мән беріп, Елбасының Жолдауында айтылған «Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек»,-деген тапсырмасын бағдар етіп алуымыз керек[1.72].

Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Қазіргі заман — жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айталым) заңдылықтарын ұмытып, айтуы да, жазуы да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Яғни, жазылым (орфография) күшейіп, айтылымға (орфоэпияға) үстемдік ете бастаған кезең, себебі халық оқымаған кезде тіл бұзылмай келсе, жұрт сауаттанған сайын жазу ісі де белең алып, алға шықты. Сонымен бірге сөйлеу әрекеті де жазудың ықпалымен кетіп, айтылым талаптары көп ескеріле бермейтін болды. Жазудың қызметі айтуымызды дәл таңбалау болу керек еді, яғни жазуымыз біздің айтуымызға қызмет етуі керек еді. Ал іс жүзінде жағдай керісінше болып, тілдің негізгі тіршілігі – орфоэпиясының талаптары ұмытыла бастады. Қазақ тіл білімінде қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі тіліміздің айту нормасын сақтап, қазақ тілінің артикуляциялық базасына сай айту мен жазу арасындағы ерекшеліктерге жете назар аударту, әсіресе, ғылыми қауымды алаңдататыны тіл дыбыстарының айтылу нормасы сақталмауы болып отыр[9.141]. Қазіргі жастар арасында тілдің айтылым (орфография) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажырата қарамай, жазылым бойынша сөйлеуі етек алып бара жатыр. Мысалы; «аман келді» деген тіркесте сөз арасындағы «нк» дыбыстарын біреулері сол күйінде айтса, екінші бірі «нг» (амангелді), үшінші – «ңк»(амаңкелді), төртіншісі – «ңг»(амаңгелді) деп, төрт түрлі айта береді. Осы тіркестің төртіншісі тоғыспалы ықпал арқылы дұрыс айтылған. Бұл заңдылықты мектеп оқушылары түгілі, кейбір ғалым ағалар да: «Қазіргі жастар бұлай айта алмайды, дәстүр-дәстүр деп елдің бұрынғы оқымаған кезіндегі сөзін қазір үлгі етуге, артық кетуге болмайды» деп, ана тіліміздің басты ерекшілігін танытатын – үндестік заңын мойындағысы келмейді.

Орыс сөздерінде келген сөз басындағы қос дауыссызды қатар айтуға үйреніп кеткеніміз сонша – енді дұрыс тұрған қазақтың өз сөздерін де «қос дауыссызды қатар айту» үлгісімен бүлдіре бастадық. Мысалы, трактор, спорт, стакан, кран, сияқты т.б. сөздер басындағы қос дауыссызды қиналмай айтуға үйренген қазекем енді өзінің дұрыс тұрған сөздерін бр (бір), бреу(біреу), крсін(кірсін), қздар(қыздар), қрқ (қырық), стық(ыстық), рас(ырас),смағұл(ысмағұл-сымағұл), рсты(ырысты) деп бүлдіріп, екі дауыссыз арасында, не сөз басында келетін қысаң «ы», «і» дыбыстарын өте көмескі айтуға, тіпті айтпай кетуге бейімделе бастады.

Қазақ сөздеріндегі дауысты-дауыссыз дыбыстардан тұратын «ый», «ій», әріптерінің тіркесін орыстың «и» әрпімен, ал ұу/үу тіркесін «у» әрпімен беру туралы емле – ереже «и», «у», әріп таңбаларын дауысты дыбыс деп жаңсақ түсінуге себеп болды. Қазақ орфографиясындағы осы қиындық салдарынан «и», «у» «дауысты дыбыстан кейін келсе-дауыссыз, ал дауыссыздан кейін келсе, дауысты болады» деген «жаңылтпаш» ережені туғызды[6.50]. Сөйтіп, оқушы мен мұғалім түгіл, оқулық жазып жүрген «ғалымдарымыз» да өздері адасқанымен қоймай, жұрттың да миын ашытып жіберді. Сондай-ақ, қазіргі жазуымызда «ый», «ій», «ұй», «үй» дыбыстары тіркестерін таңбалайтын «и» әрпі мен жалаң дауыссызды таңбалайтын «й» әрпінің екеуі де сайып келгенде бір «j» фонеманы таңбалайтынын байқауға болады. Қазақ тіліндегі «ы», «і» дыбыстары, біріншіден, фонемалық қасиетімен қатар, екіншіден, қатар келген екі дауыссыздың арасына тұрып, селбеспелік қызмет атқарады. Сонымен қатар, осы дыбыстардың емлесіне көңіл аудару керек сияқты. Оны біреулер жазуда, шама келгенше, аз қолдануды жақтап, мағынаға әсер етпейтін жағдайларда жазбауды жақтаса, енді біреулер түбір мен қосымша арасында бірнеше дауыссыз қатар келмеуі тиіс, сондай-ақ буын мен сөз аяғында келмейтін «б», «д», «г», «ғ» дыбыстырынан кейін «ы», «і» қолданылғанын жақтайды. Осындай тағы басқа жағдайларға байланысты қазір «рақ/мет», «ем/ле», «бағ/лан», «мәс/лихат» деген т.б. сөздерді «ы», «і» дыбыстарынсыз жазып, ал осындай «қазына», «мағына», «қатынас», «абырой», «жұдырық» деген т.б. сөздерде «ы», «і» дыбыстарын түсірмей жазып жүрміз. Қазақ жазуы емлесіндегі күрделі мәселелердің бірі сөздерді бірге және бөлек жазудың теориялық ұстанымдарын, негізгі таянышын анықтау болып табылады. Сол сияқты орыс тіліндегі сөздерді үлгі ете аударған сөздердің емлесінде де ойланатын тұстар бар. Мысалы, жазу практикасындағы кемшіліктің бірі орысша баламасына қарап бір типтегі сөздердің бірін қосып (аяқкиім-обувь), екіншісін бөлек (бас киім – головной убор) жазу жиі кездеседі[10.50-63].

Егер біз қазір ештеңе жасамай жүре берсек, тіліміздің жай-күйі ертең не боларын дәл аңғармасақ та, төмендегідей сөйлемдер көбейе түсетініне көзіміз жетеді. Мысалы, «Институттағы физика-математика факультетінің студенттері онлайн-семинарға қатысты» деген сөйлемдегі өз сөзіміз бен өзгенің сөзін салыстырсақ, болашақтағы сөзіміз қалай боларына күдікпен қарар едік. Біздің тілімізді мұқатқысы келгендер де дәл осындай сөйлемдерді тауып алып, «көзге шұқып» жүргендері де рас. Бірақ қазақ тілінің бай сөздік қоры мен оның кез-келген нәзік ирімдерді де дәл жеткізе алатын оралымдылығы мен мүмкіндігі мол екендігін қазақ тілді оқырманға дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен сөйлемдеріміз дәл жоғарыда айтылған мысалдағыдай дәрежеге жете қоймаса да, тіліміздің болашағын ойламай жүре беруге де болмайтындығын көрсетеді.

Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері жөнінде зерттеу жүргізген ғалым Н.Уәлиев айтылған сөзді арнайы таңбалармен жазу мәселесін дыбыс – фонема – графема – әріп байланыстары арқылы түсіндіріп, инвариант – вариант тұрғысынан талдайды[11.14]. Сондықтан латын әліпбиіне көшу жұмыстарында дыбыс – фонема – графема – әріп байланыстарын терең түсінетін ғалымдар Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова сияқты т.б. фонолог мамандардың сөзіне құлақ қойған жөн деп білеміз. Латын графикасына (таңбасы) негіздерген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әр түрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Сондықтан Әліпби жобасын жасау ісінде латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбек еңбектерінің маңызы зор деп білеміз. Қазіргі таңда Ә.Жүнісбек бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындап отыр[12]. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптері де әліпбиге алынуы мүмкін. Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып, біздің еркімізден тыс 80 жылға жуық уақыт қазіргі сөйлеу тіліміздегі болып жатқан үдерістерді таңбалап жүр деген көзқарас бар. Сөйтіп, ғалымдар шамамен 31-32 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отырған сияқты. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, шамамен 10 таңбасы алынып тасталынатынан көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген «щетка», «щи» деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен өзі жойылып кетеді екен. Сондықтан қазір Ә.Жүнісбек, Н.Уәли сияқты ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіріп қана қоймай, бұл жұмысты одан әрі қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру қажеттігін айтып отыр.

Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші т.б), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп білеміз.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

 

Akparatinfo.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *