ТЕРГЕУШІЛЕР ТЕРГЕЙДІ, ПРОКУРОРЛАР ҚАДАҒАЛАЙДЫ, СОТТАР СОТТАЙДЫ,БІРАҚ ЕШ НӘТИЖЕ ЖОҚ!!! НЕГЕ???

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қ.Қожамжаров, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтардың НАЗАРЫНА!

Редакциямызға және бір азамат келді. Қай бір жетіскенінен келді дейсіз. Қолында бір бума құжаттарды ала келген Шымкент қаласының тұрғыны, өзін Урустемов Амирастан деп таныстырды. Амир ағаның айтуына қарағанда, ол Шымкенттік құқық қорғау орындарынан көңілі қалыпты. 2015 жылдан бері алаяқтар мен ұры-қарылардан зәбір көріп, олардың үстілерінен қылмыстық іс қозғатқанымен, еш нәтиже шығара алмай келгендігін, тіпті шымкенттік құзырлы органның басшылары сол қылмыскерлермен ауызжаласып, сыбайласып кетті деп зар илеп отыр. Бес жылдан бері ашпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмапты.

— Тергеушілер істі созбаландыққа салып оны заңсыз жабумен келеді, прокурор болса істі бұзып қайта тергеуге жібереді. Шала-шарпы тергелген іс сотқа жөнелтіледі, ал сот болса ол істі жанжақты, толық зертеместен, әділетсіз шешім шығарып жүйкем мен қалтамды әбден тоздырды. Ақыры ешқандай нәтиже болмаған соң редакцияға келуге мәжбүр болдым. Тым болмаса жанайқайымды жоғарыға жеткізіп беріндер және Шымкенттік құқық құзырлы орындарының қарапайым азаматтарды қалай тәлкек етіп, сандалтатынын, өз қызметтеріне немқұрайлы қарап, ақты қара, ал қараны қалай ақ ететіндігін барша елге хабардар етуді сұранып келдім-дейді, Шымкент қаласының тұрғыны Амирастан Урустемов.

Әр арыздың артында адам тағдыры тұр, сондықтан бұл арызға тіркелген көптеген құжаттармен егжей-тегжей таныспас алдың, редакциямызға арнайы әкелген Амирастан Урустемовтың арызымен таныстырайық.

Құрметті редакция!

«Адамның басы, Алланың добы»-деген сөзді бұрыннан естіп өстік. Мәнісіне түсінбейтінбіз. Кейіннен өсе келе, оны да түсіндік.

«Адамның айтқаны болмайды, Алланың айтқаны болады»-деген бір жақсы сөз бар, оны да бәріміз білеміз. Бірақ та кім білген, адамның басы, тергеуші мен прокурор- соттардың «добына» айналатының?! Кім біліпті, адамның да, Алланың емес, Шымкентте тергеуші мен прокурор-соттардың ғана айтқандары болатының?!

Менің басымнан өтіп жатқан жағдайым, тура осыған ұқсас болып жатыр. 2015 жылдан бері, не отбасымда тыныштық жоқ, не өз басымда тыныштық жоқ, алаяқтардың құрған тұзағына түсіп, одан кейін құзырлы органның түзген «астарлы, әрі қитурқы айласының» құрбанына айналып, шақшадай басым шарадай болды. Төрт жылға созылған сергеледеңге түсіп, шарасыз болған күйіме қарап ой түйгенім, Шымкентте әділдік табу қиын екенің түсіндім. Сонда да болса, соңғы үмітті үзбей өздерінізге келіп отырмын.Мүмкін жоғарыда отырған басшылар менің зарыма құлақ салар…

Отбасымды асырап-бағу мақсатында, жора-жолдастарымнан қарызға ақша алып, мен, Ресейден асыл тұқымды жылқы сатып әкеліп, соларды сатумен айналыстым. 2015 жылы ағайынды Махатовтар- Қайрат пен Жүнісәлі, Анарбаев Бауыржан және Қалдыбеков Ержігіттер болып, алдын-ала сөз байласып (тергеу материалдарынан білдім) менің Ресейден әкелінген әр қайсысы 250 000 -1 250 000 теңге тұратын 9 бас жылқымды сатып алып, ақшасын әне-міне деп бермегендіктен, мен олардың үстілерінен полицияға арыздандым.

Менің арызым бойынша 2015 жылдың мамыр айында олардың үстілерінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабыны 4- тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыстық іспен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан Облысы, Сайрам аудандық полицейлері айналысты. Полицейлердің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 28 миллион 750 мың теңге тұратын 5 бас ірі жылқы мен 3 бас құлын Төлеби ауданың таулы аумағынан тауып әкелініп, оны заңды түрде тәркілеп, тиісті Хаттама түзілді.

Алайда, Сайрам аудандық полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Н.Қарабаев пен тергеу ісі жөніңдегі орынбасары Ө.Бекбердиевтер «вещьдок» ретінде танылған жылқыларымды маған қайтармастан жоқ қылып жіберді. Ойпырмай, баяғыда Сайрамдық полицейлер баланың өліміне қатысы бар бір қылмыстық істі жоғалтып, бір жыл өткеннен соң табылғандығын естігенім едім. Ал, қылмыстық іске дәлелдемелік мәні бар болып табылатын жылқылардың іс түссіз жоғалды дегенді, енді біреуден естіп емес, өз көзімен көріп ан-тан болып отырмын.

«Бір шелек суын төгілсе» ішін ашиды. Ал мына жерде бақандай 8 жылқым үшті-күйлі жоқ болып жатса, қалай шырылдамайсын???

Сайрам аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Қарабаев пен тергеу ісі жөніңдегі орынбасары Ө.Бекбердиевтердің заңсыз іс-әрекеттері бойынша ОҚО ІІД-нің сол кездегі бастығы генерал А.Ч.Оспановтың жеке қабылдауына кіріп, шағым айтпақ болдым. Асқар Чувашұлы генерал десе, генерал екен!!! «Сүтке тиген мысық» секілді болып отырған қарамағындағы Н.Қарабаев пен Ө.Бекбердиевтерге шара көрудің орнына, маған бас салып айқайлап –«Сен жылқыларды оларға неге бересін???Бар, жоғал мына жерден»-деп, құдды бір әкесінің сатып әперген креслосында отырғандай, өз қызметтік кабинетінен мені қуып шықты. Сол шыққаннан, әділдік іздеп Сайрам аудандық прокурорына бардым. Ол да арызымды қарау мерзімін созбаландыққа сала отырып, қанағаттандырмай тастады.

«Иман» жүзді, Ибрахим Имановтан бір нәтиже шығып қалар деп, облыс прокурорының жеке қабылдауына кірдім. Ол «пәтшағар» да жылы-жылы сөздерін айтып, құрғақ уәдемен мені кабинетінен шығарып салды.

Осылай әр есікті бір сығалап жүріп, уақыттың қалай зымырап өткенің де білмей қалдым. Достарым қарызға берген ақшаларын сұрай бастады. «Алмақтың да салмағы бар»-демекші, амал жоқ, Шымкент қаласы, Восток мөлтек ауданы аумағында орналасқан 4 бөлмелі пәтерім мен жеке меншігімдегі INFINITI FX-37 маркалы автокөлігімді «Демеу К» ломбардына кепілге қойып, 13 300 000 теңге қаржы алдым да, ақшаны достарыма қайтардым. Содан не керек, амалдап жүріп ломбардтқа айсайын 6 ай бойы 530 000 теңгеден құйып тұрдым. Қалта да, жүйке де жұқарған соң, «Демеу К» ломбардына кепілге қойған 4 бөлмелі пәтерді сатып, автокөлігімді қайтарып алмақ болдым. «Іздегенге сұраған табылып» Востоктағы пәтерді сатып алатын адам да табылды. Шахсултан Кадиркулов деген «жылпос» (оны мен сондай екенің кейін білдім) өзінің «ойнасы» болып табылатын Н.Замерцеваны сатып алатын пәтеріме отырғызып, «Демеу К» ломбардына

6 000 000 теңгені аударады да, қалған соманы ай сайын өзі құйып тұруға уәде береді.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Ш.Кадиркулов өз уәдесінде тұрмай, ломбардқа мүлдем ақша төлемей қойды. Ол өзінің «ойнасымен» пәтерде 1 жыл бойы тұрып келді. Соттасып жүріп, әйлігі «суайттарды» пәтерден әрен дегенде шығардық. Ақыры кететінін білген Ш.Кадиркулов, пәтерімдегі қымбат жиһаз бен бағалы бар дүние мүліктерімді «үптеп» кетіпті. Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену бойынша Шымкент қаласының, Еңбекші аудандық полиция бөліміне арыз тастадым. Полицейлер қылмыстың ізін ашуға жетерлік дәлелді айғақтардың бәрін қасақана жойып жіберіп, тергеу мерзімі өтуіне және қылмыстың құрамы болмауына байланысты-деп, өздері қозғаған істі, өздері «жылы» жауып қойды.

Енді не істеймін. «Демеу К» ломбардтағы берешек сомасы күннен күнге еселеп өсіп барады. Бір әрекет жасауым керек болды. Ломбардтағы кепілде тұрған мүлікті қалай да болса шығарып алуым керек. Соңғы мүмкіндік, ол менің жеке меншігім болып табылатын Шымкент қаласы, Школьная көшесі бойындағы орналасқан 3 қабатты зәулім үйімді банкке кепілге қойып, несие алу керек болды. Шымкенттегі бүкіл банкі мен микро-кредиттік ұйымдарға барып, кіріп шықтым, ешқайсысы несие бермеді. Газеттегі жарнама арқылы ақша береді ау деген барлық ломбардтарға қоңырау шалдым. 2016 жылдың қазан айында, менің ұялы телефоныма «Р-Финанс» ломбардынан SMS хабарлама келіп түсті. Бұл хабарламада өте төмен пайызбен несие береміз деп жазылғаннан соң, мен оларға телефон соқтым. Тұтқаны алып өзін «менеджер Дмитрий боламын»- деп таныстырған жігіт, үйіңізді көріп сосын ақша береміз деді. Көп ұзатпай үйіме ломбардтың директоры Наимов Байрам пен Дмитрий келіп, үйімді көріп, сүретке түсіріп кетті. Кетіп бара жатып олар үйіңіз әдемі екен, кепілге қоюға жарайды, хабар өзімізден болады деді. Содан не керек 10 қараша 2016 жылы ломбардтың менеджері Дмитрий келіп кетуімді өтінді. Барып кепіл – шартты жасасып болайын деген кезде, (директор Б.Наимов шартқа қолын да қойып қойған болатын) бірден айнып, «головнойдағылар» үйіңізді кепілге алмаймыз, несие алатын болсаңыз бізбен «сату-сатып алу» шартын жасасуыңыз керек-деді. «Мақтамен бауыздау»- деп, осындайда айтса керек, өйткені «Демеу К» ломбардтағы берешек сома күннен күнге еселеп өсіп барады, оны төлеуге мұрша жоқ. Ақшаны осы жерден алмай қоймайтынымды білген «Р-Финанс» ломбардының қызметкерлері, (оның ішінде ломбардқа офис ұсынып отырған нотариус Р.Усенов та бар) осындай құлық сұмдық айлаға барды. Олар дереу бұрын-сонды мен көрмеген Иванова Евгенияны деген бір әйелді шақыртты. Кейін

білгенімдей, ол осы ломбардтың заңсыз келісім-шарт жасасатын «подстовной» адамы екен. Ломбард директоры Б.Наимов сенімхат негізінде Е.Иванова арқылы менің жұбайым Р.Урустемоваға Шымкент қаласы, Школьная көшесінде орналасқан зәулім үйімнің кепілі ретінде және оны сатып жібермеймін деп қолхат жазып, 13 300 000 теңге қарыз ақша береді. Бұл қолхатты жазбас алдын ломбардтың директоры Б.Наимов, «Kompetenz» Сақтандыру Компаниясы арасында «ерікті сақтандыру шартын» жасасып, екі тарап та бұл шартқа қолдарын қойып, өз мөрлерімен куәландырады.

Содан кейін, ломбард директоры Б.Наимов жұбайым Р.Урустемованың атында мүлдем болмаған 45 000 000 теңгелік автокөлікті кепілге алдым деп 10.11.2016 жылы жалған № 400000034 санды «кепіл шарт» жасап, өз қолын қойып бір данасын оған береді.

Содан кейінгі сұрқия әрекеттері «подстовной кукласы» Ивановаға айттырып жүріп менің әйеліме Қолхат жаздыртып -«в соответствии договора Займа №400000034 от 10.11.2016 года получила денежные средства в сумме 13 300 000 тенге от Ивановой Евгении Валентиновны»-деп, осы қолхатқа қарыз беруші Е.В.Иванова да, қарыз алушы Р.А.Урустемова да аты-жөнін толық жазып, қолдарын қояды.

Бәрінен де сорақысы, 10.11.2016 жылы кешкі сағат 20:00-лар шамасында ломбард директоры Б.Наимов, өзіндік қауіпсіздік бөлімінің басшысы А.Дадаметов, финанс менеджері Дмитрий Драгомиров, нотариус Р.Усенов, өздерінің «внештатный» қызметкері Е.Ивановалардың қатысуымен «Р-Финанс» ломбардтың кассирі Г. Сембиеваны шақыртып, бізге 13 247 000 теңгені санап берді. Сол ақшаны алған бойда, сағат 20:20-лар шамасында біз үйімізге кетіп бара жатқанда, белгісіз біреулер біздің автокөліктен (кейін білгеніміздей Жамбыл облысынан келген «гастроллер» ұрылар) бар ақшамызды ұрлап кетті. Менің бар күдігім бойынша, ломбард басшылары 13 247 000 теңгені қасақана кеш болғаның күтіп, ананы-мынаны сылтауратып кешіктіріп бермей, тонаушыларға «наводка» берген сияқты. Болмаса, біздің дәл сол күні, сол мезетте үлкен сомада ақша алатынымызды, біздің қай көлікпен кетіп бара жатқанымызды ұрылар, қайдан біле қойды екен??? Көрші облыстан келген ұрылардың аты-жөні тергеу барысында Б.Жекібаев, Б.Жұмағулов және У.Құдияров екендігі анықталды. Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының үкімімен Б.Жекібаев пен Б.Жұмағулов 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Ал, қылмыскерлердің «подельнигі» болған У.Құдияровты Еңбекші ауданының прокуроры Б.Мамбетов пен Еңбекші аудандық полиция бөлімінің бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі

А.Ибраимовтар «қорғаштап» қылмыскерден әп-сәтте «куә» етіп, қылмыстық жауаптылықтан құтқарып жіберді. Қылмыс орын алған кезде, У.Құдияровқа тиесілі «Toyota Camry 30» маркалы автокөлікте, 9 жылға сотталған Б.Жекібаев пен Б.Жұмағуловтардың болғандығы, үлкен сомадағы ақшаны осы көлікпен келген ұрылардың жымқырғандығы, «Соқырға таяқ ұстатқандай» анықталып отырса да, құзырлы органның қызметкерлері А.Ибраимов пен Б.Мамбетовтер, У.Құдияровты не себепті қылмыстан құтқарып жібергендігі түсініксіз болып отыр.

Бүгінгі таңға тергеу созбаландыққа салынып, «Р-Финанс» ломбардтың қызметкерлері жасаған жымысқы іс-әрекеттері бойынша іс қысқартылып кетті. Соған қарағанда, ломбард қызметкерлері бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен, немесе бұл «мошенниктерді» полицейлер «крышевать» етіп жатыр ма , деп қаласын???

Ал, нотариус Р.Усенов болса, түк болмағандай «майор» шенің алып, Атырау қаласында учаскелік полиция қызметіне орналасып алыпты. Міне қызық…

Бәрінен де басты «проблеманы» жасап жатқан «Р-Финанс» басшылары мен Е.Иванова болып отыр. Өйткені, Шымкент қаласының Абай , Еңбекші аудандық сотының судьялары мен апелляциялық сот алқасының судьялары құдды бір «сиқырланып» қалғандай, сот ісін жүргізу қағидаларын дәлме-дәл сақтамастан, істі бір жақты қарап, әділетсіз шешім шығаруда. Менің зәулім 3 қабатты үйімді, қалай болса да тартып алмақ ойлары бар екендігі осыдан ақ көрініп тұрған сияқты.

Олай дейтін себебім,

1) 28.06.2017 жылы (аз.іс №2-4520/2017) менің талап- арызым бойынша «сату сатып алуды бұзу» туралы, ал Е.Иванова болса «менің талап арызымды қараусыз қалдыру туралы» сұранып жазған қарсы арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Судья А.У.Капарбекова, неліктен екені белгісіз Е.Иванованың арызын қанағаттандырды.

2) 12.09.2017 жылы Шымкент қаласының, Еңбекші аудандық сотының судьясы А.К.Орақпаева, талапкер Е.Иванованың «өзге тұрғын жай ұсынбай тұрғын үйден шығару және орналастыру туралы» азаматтық ісін қарап (іс № 5112-17-00-2/5171), Е.Иванованың талап-арызын еш ойланбай қанағаттандырып тастады.

3) 14.12.2017 жылы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының судьясы А.С.Чокморова, Еңбекші аудандық сотының Шешімін бұзу туралы Қаулысын шығарады.

4) 26.03.2018 жылы Шымкент қаласының, Еңбекші аудандық сотының судьясы М. Амирбеков азаматтық істі ( іс № 5112-1-00-2/100)қарап, яғни, «13 300 000 теңге қарыз соманы өндіру туралы» талапкер Е.Иванованың талап-арызын қанағаттандырып, менің үйімнің құжаттары «Р-Финанс» ломбардында кепілде тұрғандығын пайдаланып, үйімді «арестке» қойды.

5) Менің 04.06.2018 жылы жазған апелляциялық шағымымды (аз.іс №2а-1530-18) алқа судьясы А.Тоқсанбаев қанағаттандырусыз қалдырып, Е.Иванованың алдына «жығып» берді. Менің талап-тілектерім мен Өтініштеріме ешкім назар да аудармады.

6) 25.07.2018 жылы төменгі сатыдағы соттардың шығарған Шешімдері мен Қаулыларының күшін жою туралы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірдім. Нәтиже жоқ…

7) Шымкенттік судьялардың жасап отырған заңсыз іс-әрекеттеріне шағымданып Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың атына Өтініш жолдадым. Алайда, одан да ешқандай нәтиже шықпады.

8) Жоғарғы сотқа түсірген кассациялық Өтінішім бойынша, Жоғарғы сотының судьясы Г.К.Жусупбекова 12.11.2018 жылы № 6001-18-00/5555 санды Ұйғарым шығарып, Е.Иванованың мерейін үстем етті.

9) 17.01.2019 жылы Шымкент қаласының, Абай аудандық сотының судьясы С.Бейсенбеков талапкер Е.Иванованың «тұрғын үйден ½ үлесін алу туралы» азаматтық ісін (№5210-19-00-2м/229) қарап талапкер пайдасына сот Ұйғарымын шығарды.

10) 28. 02.2019 жылы мен бұл Ұйғарыммен келіспей апелляциялық шағым жаздым. Апелляциялық алқа сотының судьясы Чокморова, Абай аудандық сотының Ұйғарымын өз күшінде қалдырып, Е.Иванованың алдына ондырмай жығып берді.

Міне, осылайша мен 4 жылдан бері сандалып шындықты іздеумен келемін. Содан бері жылқыны жоқ еткен Сайрам аудандық полиция бөлімінің бастығы полковник Н.Қарабаев Еңбекші аудандық полиция бөліміне бастық болып жайғасып алды. Ө.Бекбердиевтің де дәрежесі өсіп, Шымкент қалалық полиция бөлімінің тергеу ісі бойынша бастығы болды. Менің ойымша, осы заңсыздықтардың артында бұрынғы ОҚО ІІД-нің Тергеу Басқармасының басшылары полковник А.Абидинов, Н.Дауылбаев, Б.Султан, Еңбекші аудандық полиция бөлімінің бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары А.Ибраимовтер тұрған сияқты.

Қосымша айта кететін жайт, 25.06.2017 жылы әйелімнің әке-шешесі тұрып жатқан Восток мөлтек ауданындағы пәтердін есіктерінің құлыптарын бұзып, 5 000 000 теңге, 10 000 АҚШ доллар және алтын бұйымдар ұрланды.

2017 жылдың тамыз айында Шымкент қаласы, Ақназар хан көшесі, № 1 үйде орналасқан жалға алған офисімде де ұрлық орын алып бағалы заттар жоғалды. Осы екі факт бйынша да қылмыстық іс қозғалғанымен тергеу ісі салғырт жүргізіліп, ақыры қысқартылып кетті.

Мына елде әділдік қашан орнайды?! Екі ломбардтағы үй-мүліктерім кепілде. Қайын ата-енем бала шағасымен пәтерсіз далада қалды. Енді мені де кәмелетке толмаған үш баламмен тентіретіп қоймақшы ма, тойымсыз «жалмауыздар»???

Құрметті редакция! Қолдарыныздан келген жәрдемдерініз болсын, осы жанайқайға толы Өтінішімді газет бетіне және интернет желісіне сүреттерімен қоса жариялап, әділдік туын орнатуға жәрдем берулерінізді сұранамын.

Құрметпен А.Урустемов. 12.03.2019 жыл.

P.S. —Ия, шынында да қиын жағдай екен. Әзірге біз, А.Урустемовтың арызына тіркелген қосымша құжаттарымен мұқият танысып болғанымызша, қандай да бір пікір білдіруге асықпайық.

Десекте, А.Урустемовтың арызы бойынша қозғалған істер жетік біздің бақылауымызда болады және толыққанды журналистикалық зерттеу жүргізіп болғаннан кейін мақала жариялауға кірісеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *