Асылбек НОҒАЕВ: «АТА ДІННЕН АЛЫСТАУ– АДАМДЫ АДАСТЫРАДЫ…»

Суретте: Нәзипа Мамықова және Асылбек Ноғаев

 

«Ата діннен алыстау – адамды адастырады». Осылай деген Асылбек Ноғаев саналы ғұмырын асыл дінімізді насихаттауға арнаған. Арда азамат қоғамда орын алған олқылықтың бәрі діни сауаттың аздығынан деп есептейді.  Ислам дінінің құндылықтары қандай? Адамдар неге теріс діни ағымдардың жетегінде кетеді? Біреулер ең қымбат байлығы саналатын еркіндіктен айырылып тұрса да, деструктивті діни ағымдардың қатарына қосылып бақыт таптым дейтіні несі?  Осы сұрақтар жайында Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Асылбек Ноғаев тарқатып айтып берді.

– Асылбек Әуезханұлы, қазақ қашанда «Бисмилласыз» іс бастамаған. Ең әуелі, ислам діні мен оның құндылықтарына тоқталып кетсеңіз.

Ислам – «бейбітшілік», «амандық», «тыныштық» мағыналарын білдіретін «с-л-м» деген түбірден тарайтын сөз. Исламнан бұрынғы діндердің барлығы белгілі бір қауымдарға ғана түскен және белгілі бір ұлттың ғана діні болған немесе кейінірек ұлттық дінге айналған.

Адамзат тарихында алғаш рет Ислам діні ғана бүкіл адам баласына арналып түскен дін болды. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті Құранда: «Біз сені бүкіл адамзат баласына мейірімізді сүйіншілеуші және азабымызды ескертуші етіп жібердік» («Сәбә» сүресі, 28-аят) деп айтылғандай, барша адамға жіберілген пайғамбар деген ұлы мәртебеге ие болды.

Ислам – бір құдайлық Таухид діні. Бұл дінде Жаратушы, Тәрбиелеуші, Ие болушы, Сыйынуға лайық құдай ретінде тек қана Алла Тағалаға иман келтіріледі. Ал таухид діні өз кезегінде адамдардың тіліне, ұлтына, нәсіліне, тегіне қарай бөлінбеуді талап етеді.

Ислам діні адамдарды татулықты ту етіп, бірлік-ынтымақпен өмір сүруге шақырады. Бұрынғы қараңғылық, надандық дәуіріндегі әр түрлі зұлымдық, қиянат, әділетсіздік, эгоизм атаулыны тыйып, олардың орнына жақсылықтың дәнін еккен.

Мұсылмандық дінінде адам адамның жауы емес, бір атадан тараған бауыры саналады. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Барлық адам Адам атадан, ал Адам (а.с.) топырақтан» деген хадисінен осындай мән шығады.

Ислам келісімен ел ішінде бұрыннан жүрген «ақиқат күштінің қолында», «әділет – күш-қуатта» деген әділетсіз ережелер жойылды. Енді зұлымдық орнына әділет, қатыгездік орнына мейірім орнап, «қуат — ақиқатта», «турашыл адам — күшті» деген қағидалар қалыптасты.

Исламда әрбір адам қадірлі, ардақты саналады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Анығында, Біз адам баласын ардақты еттік» деп баян етеді («Исра» сүресі, 70-аят). Бұл аятта «мұсылмандарды» немесе «әділеттілерді», «байларды». «кедейлерді» дегендей бөліп жару жоқ. Барлық адамдар теп-тегіс құрметке ие екені айтылған. Сондықтан шариғатта дінсіз адамның болса да, мал-дүниесіне, жанына, ар-намысына қол сұғу харам саналады, яғни өте қатаң тыйым салынады.

Әр адамның таңдау еркі бар, өмір сүру дәстүрі бар. Ешкім біреуді дәл өзі секілді ойлауға немесе тіршілік етуге мәжбірлеу алмайды. Тіпті соғыс жағдайында да жазықсыз бір адамның нақақ өлтірілуі барша адамды тегіс қырып салғанмен бірдей қылмыс саналады. Ендеше, жеке бір адамның өмір сүруге деген құқығы бүкіл адамның құқығымен тең (Қараңыз: «Маида» сүресі, 32-аят).

– Елімізде Ислам десе, ат тонын ала қашатын, талай ғасырдан бері ел бірлігіне ұйытқы болып келген ата дінімізге үрке қарайтындар күн санап көбеюде. Мұның себебі неде?

Қалың қауымның, әсіресе, жастардың Ислам дініне деген құлшынысы артып, рухани ізденіске түсіп, құлшылыққа тереңдеп ден қойып жүрген бүгінгі шақта өңі теріс айналдырылып жаңсақ түсіндіріліп жүрген діни ұғымдарды халыққа жеткізудің маңызы айтпаса да түсінікті. Себебі «Алла разылығына бөлену», «жұмаққа кіру» секілді тәтті қиялдарды айтып отырып, жастарды қылмысқа қарай итермелейтін қой терілі қасқырлар бүгінде аз емес.

Негізінде, бұл дүниеге мейірім нұрын шашу үшін жіберілген Ислам діні ешқашан қатігездікке бұйырған емес. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның соңынан ерген әділетті халифалар жазықсыз адам өлтіруді ешқашан құптамаған. Ислам құндылықтарын түсіндіруде еш уақытта  зорлық-зомбылық, жаппай қырғын жолын ұстанбаған. Ендеше, бүгінде белгілі бір саяси топтардың айтағына еріп, қолына қару алып, әйел, бала, кәрі демей, жазықсыз халықты қойша қырып жүргендердің істері мұсылмандық дінімен үш қайнаса сорпасы қосылмасы анық.

Перзентінің намаз оқығанына қуанудың орнына шошынатындар бар. Діни кітап көрсе, оқып тұшынудың орнына жылы жауып қоятындар кездеседі. Мұның себебі діни сауаттың төмендігінен бе?

– Барлық ата-ана балам жаман болсын демейді. Көп елде «Ислам лаңкестігі», «мұсылман лаңкестер», «исламистер» деген тіркестер жиі айтылатын болды. Адам баласының жаратылысында оның рухына белгілі бір сезімдер жүйесі мен  белгілі бір сенімге, дінге деген қажеттілік қоса берілген.  Бұл Жаратушы Құдірет Иесінің орнатқан заңы. Мысалы, адам бойында жақсы көру, жек көру, ашулану, қуану, ренжу секілді көптеген сезімдер бар. Ешкім оны өзі жасап алмаған. Жаратушы тарапынан адамның өзегіне орнатылған дүниелер. Міне, сол секілді кез келген адамның дінге деген қажеттілігі бар. Дінсіз адам болмайды, болған да емес.  Мен «дінсізбін» дейтін адамдардың өзі бір нәрсеге сенеді, бір нәрседен қорқады. Бір нәрсеге үміт артады. Осы «сенімсіз, дінсізбін» деген ойдың өзі түптеп келгенде, бір сенімге жатады. Осындай «дінсіз» сенімі арқылы жүрегіндегі дінге деген бос орынды толтырады.

Байқап қарасақ, сенім – адамның сөйлеуге, ішіп-жеуге, ұйықтауға деген қажеттіліктерімен тең дәрежедегі бір мұқтаждық.

Дін арқылы адам рахаттанады, психологиялық тыныштыққа кенеледі, жүрегіне байыз таптырады.

Адамның рухы бір нәрсеге сенуді қажет етеді, сол арқылы ол қуат алып, азықтанады. Ал енді әр жүректегі сенімнің дұрыс немесе бұрыс болуы ол өз алдына бөлек әңгіме.

Сонымен, дінсіз адам жоқ. Болған да емес. Ал енді біздің балаларымыз да жүрегіндегі дінге деген арнайы орынды бір нәрсемен толтыруға талпынады. Ендеше, ешбір ата-ана өз перзенттеріне «Дінге жолама!» «Діни түсініктерден аулақ жүр!» деп айтпауға тиіс.  Керісінше, әркім өзінің балапандарының бойына дұрыс сенімді, дұрыс дінді тезірек сіңдіруге асыққаны құба-құп.

Дұрыс дін адам баласының барлық қажеттіліктерін түгел өтеп беретіндей болуға тиіс. Кез келген кісі келешегінен бір нәрсе күтеді. Бақытты болғысы келеді. Рахатты өмір аңсайды. Сол бағытта қадам басып, әрекет те жасап бағады. Алғашқыда қате сенімде жүргендердің өзі уақытша ләззат алуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе жалған діндердің жанға жазылмас жара қалдырып кеткенін бір-ақ байқайды. Сондықтан дұрыс, ақиқат дінге сүйенбеген, діни құндылықтарды өмірде іске асыра алмаған және өзін зорлап бөтен бір сенім жүйеге тықпалайтын адамдар көп кешікпей рухани түйткілге душар болады.

Бұл тұрғыдан алғанда, әр отбасында азды-көпті діни тіршілік жүзеге асуы тиіс.  Сондай-ақ білім беру орындарында да жастарға дәстүрлі діни мәліметтер беруден қашу орынсыз. Керісінше, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген,  рухани болмысымызға арқау болған дәстүрлі Исламды имам Ағзам мәзһабы бойынша барынша көбірек насихат жасауға тиіспіз. Сонда ғана жат пиғылды діни ағымдарға қарсы иммунитет оянып, ұлттық діни сана қалыптасады. Сонда ғана жастарымыз көрінген көк аттының жетегінде кете бармайды.

– Ал, жастардың жүрегін иманмен нұрландыру үшін не істеу қажет?

Жастардың жүрегін шартты түрде дінге мұқтаж «вакуум» деп атайық.

Бізді қоршаған дүниеде сыры толық ашылмаған жұмбақ дүниелер өте көп. Ғалымдар сан ғасырдан бері сол жұмбақтарды шешуге әрекет жасап келеді. Мысалы, мына дүние қалай пайда болған, ең алғаш не жаратылған деген сияқты сұрақтар жөнінде ойланбаған, ол жайлы қалам тербемеген ғалымдар сирек. Біреулер бұл дүние кездейсоқ пайда болды десе, ендігі бір топ адамдар оны Жаратушы Құдіретке апарып тірейді.

Ал енді дүниенің басы мен соңы туралы ойлар көбінесе адамды діни құндылықтарға қарай жетелейді.

Бүкіл болмыс пен өмір-тіршіліктің мән-мағынасын іздеген адам дінге табан тіремей тұра алмайды. Дүниені жоқтан бар еткен иләһи Құдіреттің бар екендігіне көз жеткізген адам бұл өмірден кейін де тіршілік бар екендігін, оған дайындық қажет екенін сезінеді.  Бұл дүниедегі барлық істері үшін ақыр түбінде есеп беру бар екендігін мойындайды.

Дін адамдарға әрі ғаламның жаратылыс сырларын үйретеді, әрі бұл дүниеде қалай өмір сүріп, қалай жүріп-тұру керектігі жөнінде мәліметтер береді. Осылайша ақылдың жете алмайтын кейбір метафизикалық (бұл ғаламның заңдарының арғы жағындағы ақиқат туралы) сұрақтарға діннен жауап іздейді. Демек, діни сенім адамдарға көптеген шешімі қиын сауалдар бойынша жол сілтеп отырады.

Әр адамның жеке өмірінде діннің рөлі осыншалықты үлкен болғанда, Алла Тағаланың жаратылысына дінге деген қажеттілік орнатпауы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Барлық жүректе сенімге, дінге арналған орын бар және ақыл-есі толысқан адам сол орынды тиісті мәліметпен толтыруға ұмтылады.

Міне, осы жағдайда жастар өз «вакуумдарын» толтыруға кіріскенде ата-ана өте мұқият болуы керек. Себебі, қазіргі таңда жастардың бойындағы осы вакуумға, яғни жүрегіндегі діни орынға таласып жүрген адамдар өте көп.  Жастардың жүрегін жаулап алған адам оларды қалаған бағытына қарай бұра алады. Қалаған бұйрығын орындата алады.

Алайда бұл айтылғандардан балаларды діни мәлімет алудан жаппай тыйып тастау керек деген қорытынды шықпайды. «Мешітке барма!», «Ғаламторға кірме!», «Уағыз тыңдама!», «Намаз, оразаға жолама!», «Діни тақырыптардан аулақ жүр!» деген тыйымдарды жасаған сайын балаңыз қауіп-қатерден аман болады деп ойламаңыз. Керісінше, балаңыз жүрегіне байыз таптыру жолында тыйымға теріс әрекет етуі әбден мүмкін. Сондықтан перзентіне дұрыс жол көрсету үшін ата-ана біраз тер төгуі қажет.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, жергілікті имам-молдалармен ақылдаса отырып, жас балаларға іздену бағытын әр ата-ана өзі бергені дұрыс.

– Тарихқа көз жүгіртсек, біздің ағартушыларымыздың барлығы ең алғаш ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай атамыздың өлең жолдарына да қосқан. Осы шығармашылықтың жас ұрпақтың бойына рухани тәрбие қалыптастырудағы үлесі қанша?

Дінсіз қоғам болған емес. Абай атамыз:

«Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.» деп айтып кеткен. Шынында да, ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған біздің ақын-жазушы, жырауларымыздың діни сауаты жоғары болған. Олардың шығармашылығын оқу арқылы жастар рухани азықтана алады. Көкірек көзі ашылады. Әлемге тұлға ретінде қарай алады.

– Бүгінде ғаламтор дамыған заман. Кез-келген әлеуметтік желіде діни топтар құрылған. Енді осы ұйымдардың дұрыс насихат жасап жатқандығын қалай аңғарамыз?

Бүгінде жер кеңістігінде белгілі бір шекаралар болғанымен, ақпарат кеңісітгінде ешбір шек-қиырдың жоқ екендігі мәлім. Кез келген адам қалаған уақытында қалаған ақпаратын табуына барлық жағдай жасалған. Қазір қалың жұрттың көпшілігі, әсіресе, жастар көп уақытын ғаламторда, әлеуметтік желілерде өткізетіні анық. Әлеуметтік желілер адамдардың санасында жүріп-тұрудың бейнесін, алгоритмін қалыптастыруда теңдессіз құрал болып саналады. Сөз сөйлеу, ас ішу, киім кию, кино көру, музыка тыңдау, өзге де тіршіліктерді жасау барысында санасында қалыптасқан бейненің әсері бар екенін жай адам байқамай қалуы да мүмкін.

Қазіргі таңда әлемде тек қана контент жасаумен, ақпарат таратумен айналысатын небір үлкен киберорталықтар пайда болғаны белгілі.  Олардың соншалықты жылдамдықпен таратқан ақпараттары бір сәтте миллиондаған адамның санасына әсер етеді. Ондай орталықтарда ақпараттарды жасаумен, талдаумен және таратумен арнайы шығарылған киберботтар (робот) айналысады. Олардың ғаламтор бетіндегі әрекеттерін адамның істерінен айырып-ажырату мүмкін емес.

Олай болса, жаңа өсіп келе жатқан жас өспірімдерге бүгінгі ақпараттық ағымдардың әкелетін қауіп-қатері шашетектен екені айтпаса да түсінікті.

Сөздер, сөйлесулер, жазулар, суреттер, бейнеөнімдер – бәрі де ашық көрсетіледі. Ешбір ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Күн өткен сайын ақпарат алмасудың жаңа-жаңа жолдары шығуда. Ерекше қарқынмен дамып жатқан бұл үдерісті енді бақылап отырудың да, мүлдем тоқтатудың жолы жоқ десе, артық айтқандық емес.

Ақпараттық кеңістікті не себепті «ашық» деп сипаттаймыз. Өйткені мұнда ақпараттық алмасу иесінің рұқсатынсыз да жүре береді. Мысалы, бір адам әлеуметтік желіге өзінің суретін салып қойса, оны қанша адам көргенін, бөліскенін немесе талдау нысанына алғанын білмеуі де мүмкін. Міне, осындай бақылаусыз, қадағалаусыз бір ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Әрине, бұл қоғамның әлеуметтік заңдары да ерекше болуы заңды. Ақпарат қалай таратылады, қалай, не үшін және кімдер тарапынан жинақталады деген сауалдар туындайды. Бірақ бүгін бұл сұрақтың жауабына ілуде біреулер ғана үңіліп жатады.

Мысалы, «фэйсбук», «уатсап» немесе «Вконтакте» желілерінде жарияланған барлық ақпараттың жариялану мақсатын түсініп болу мүмкін емес. Тіпті жақсылыққа шақырғандай болып отырып, қиянатқа, қылмысқа немесе күнәға жетелейтін топтар бар екені жасырын емес.

Міне, ашық ақпараттық қоғамның осындай заңын ата-аналар немесе өзгеде тиісті органдар ескеруге тиіс. Қазір ешбір ақпаратқа шектеу қоюдың жолы жоқ. Газет-журналдар, кітаптар, кітапшалар болсын, аудио, видео өнімдер болсын, яки ғаламтор бетіндегі мәліметтер болсын, тоқтаусыз көбейіп, қарқынмен тарауда. Бұл ақиқатпен санаспауға болмайды. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деп атамыз қазақ айтқандай, осы жағдайда қайтсек ұтылмаймыз деген мәселені қарауымыз керек. Ағып жатқан ақпаратқа шектеу қоя алмағанымызбен, жастардың таңдау еркіне әсер етуге болатынын да есепке алғанымыз жөн. Ол үшін әр ата-ана баласымен жеке-жеке жұмыс істеуі қажет. Баласының не көріп, не біліп, қандай ақпараттар алмасып жүргенін қатаң қадағалауға алуы тиіс. Шетел асып жатқан лаңкестердің көпшілігі осындай ақпараттық кеңістікте «тәрбиеленіп, жетілгенін» байқау қиын емес.

– Жыл сайын мешітке баратын жастардың саны артуда. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, діни сауаттың аздығынан өзге ағымның жетегінде кетіп жатқандары да жасырын емес. Бұған не себеп?

Біз кейде теріс діни ағымдардың өкілдері айдалада жүрген адамды қалай арбап алады деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, теріс ағымға өтудің бірінші қадамын адасатын адамның өзі басады. Мысалы, теріс діни ағымға шақыру көшеде немесе ғибадатхананың алдында, пәтердің ауласында я болмаса біреудің жеке үйінде жүргізіледі делік.  Бірақ оған жеткенге дейінгі байланыстың бәрі нысанға алынған адамның өз еркімен, қалауымен іске асады.  Көшеде біреудің «Кешіріңіз, сізбен өмірлік маңызы бар сұрақ туралы сөйлесуге бола ма?» деген сөзіне жауап бермеуге, теріс айналып кетіп қалуға да болады. «Жүр, мен саған құлшылық жасаудың тәртібін үйретемін» деген шақыруды қабылдамауға да болады. Біреулердің жұмыс беремін, жалақы беремін деген жарнамасына да құлақ аспауға болар еді. Алайда кей азаматтар осы шақыруларға жауап беріп, құлақ асады. Мұның бәрі теріс діни ағымға қарай басылған алғашқы қадамдар.

Содан кейін ғана екінші қадам, өз аяғымен келгендерді сұрыптау кезеңі басталады. Әр түрлі жарнама сөздермен, қызықтыратын әңгімелермен, қателесумен, білмей қалып бір жерге жиналған адамдардың барлығы бірдей сол күннен бастап теріс діни ұйымдардың мүшесі болып кетпейді. Ол жиында айтылған бірінші сұхбаттың (лекцияның) өзінен көп адам есін жинап, елін тауып жатады. Екінші рет бұл жерге аяқ баспаспын деп бір-ақ кетеді. Ал бұл жиында кімдер қалады? Басында әр түрлі қиыншылығы бар адамдар, тұрмыстық қажеттілігін өтей алмай жүргендер, қысқасы өмірден өз орнын таба алмағандар қалады. Міне, осы адамдарды түрлі деструктивті діни ағымдардың потенциалды мүшесі болуға дайын адамдар деп қарасақ болады. Алайда бұл азаматтарды екінші іріктеуде қалғаны үшін ғана осылай болды дей алмаймыз. Себебі, себеп-салдарлық байланыс басқа мәселеде. Бұл жерде адамның сол ағымға алғашқы рет келген кезін ғана емес, оған дейінгі рухани, әлеуметтік, тұрмыстық хал-ахуалын егжей-тегжейлі зерттеуіміз қажет. Өйткені оның бойында теріс діни ағымға шақырушы адаммен сөйлесудің ең алғашқы минутында-ақ оны қабылдап, қолдай кететін өзіндік себептер бар еді. Ол отбасындағы кикілжіңдер, тұрмыстың нашарлығы, жұмыстың жоқтығы, жалғызбастылық, мақсатсыздық, т.б. Осындай жай-күйлерді басынан кешіріп жүрген адамға діни ұйымға арбаушының сөздері майдай жағып, жүрекке жылы тиері даусыз. Көріп отырғанымыздай, бұл жерде мәселе арбаушының сөзінде немесе ісінде емес, соған душар болған адамның соған ыңғай беріп тұрғанында болып тұр. Тіпті сонау Таяу Шығысқа соғысқа аттанған адамдар мәңгілік жұмақты аңсап емес, өз елінде біреулермен ұрыс-керістің себебімен кеткені туралы деректер бар. Осы тұстан бір түйін түйер болсақ, жат пиғылды діни ағымдарға қосылып кеткен адамдардың өткен өмір жолы мен биографиясы өте маңызды рөл ойнайды.

Өкінішке қарай, арамды адал, кісі өлтіруді жиһад санап жүрген лаңкес топтар еркектерді ғана емес, нәзік жаралған әйел затын да өздерінің күнәлі жолдарына тартуда. Ал, әйел бұл жолда қалай құрбан болады?

Енді кейбір аймақтарда біздің момын қарындастарымызға да құрық сала бастағаны өзекті өртейтіні рас. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемдік деңгейде жүріп жатқан үлкен тенденция.

Ниқабқа шақыру. Алдымен қыздарды ниқабқа шақырады, ниқаб дегеніміз тек қана көзін қалдырып, өзге жерінің барлығына қап-қара түсті киім кию. «Алладан қорықсаң етті! Неге сен ашық-шашық жүресің? Көзіңді ғана ашық қалдырып, қара киінбесең, әйел басыңмен қалай тақуалыққа жетпексің? Осындай «уағыздарымен» қыз баланы алдымен ниқабқа шақырады. Ал негізінде, Исламда қара киініп алсын, көзін ғана ашып жүрсін деген ешбір талап жоқ. Ұятты жерлеріңді жауып жүруге қатысты бұйрық бар. Бұл екі нәрсені шатыстырмау керек.

Никахқа шақыру. Екінші саты – «никах», яғни, неке. Жап-жас, он екіден бір гүлі ашылмаған қыздарды қорқытып: «Әй, сен Құран оқымайсың ба? Құранда «2, 3, 4 әйелге үйленіңдер!» деген. Сол аяттарға сен неге атүсті қарайсың? Әлі күнге дейін соқа басың состиып жалғыз жүрсің» деген секілді «улы насихаттар» жасалады. Осылайша ештеңеден хабары жоқ қыз балаларды өздерінің арасындағы бір адамдарға кейде бірінші, кейде екінші, кейде төртінші әйел ретінде некеге мәжбүрлейді. Шынымен, шариғат солай екен деп үрейленген қыз бала жүрегімен қаламаса да келіседі.

Ал негізінде, мейірім діні  Исламда мұндай зорлық жоқ. Ер адамдарға неше әйелге үйленуге болатыны, яғни шегі, шекарасы көрсетілгені рас. Бірақ ол міндетті түрде үйленіңдер деген сөз емес. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Біреулер шиеттей баламен жесір қалады. Тағы біреулер егде тартқанша тұрмыс құра алмай қалады. Біреудің ағасы қайтыс болып, жеңгесі қалып кетеді. Міне, сондай кездерде үйленіп, Алла разылығы үшін сондай жарымжан адамдарға пана болайын, қорған болайын деген ниет ететін ер азаматтар шығуы мүмкін. Аталмыш мазмұндағы аятта осыған рұқсат берілген деп түсіну керек. Әйтпесе, өмірге қадамын енді ғана басқан өрімдей жас қыздарды «қатын қылып», біраз уақыттан соң «талақ қылып тастай сал» деген бассыздықты шариғат қолдамайды.

Хижратқа шақыру. Жат ағымның әуселесі мұнымен бітпек емес! Некедегі адамды бірте-бірте тағы да исламдағы негізгі ұғым боп саналатын «һиджратқа» шақырады. Ол хиджрат деген нәрсе негізінен өткен. Оның тарихы кезінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Мекке қаласынан Мәдина қаласына көшкен уақыттан басталады. Осынау қасиетті көшті Ислам терминологиясында Һиджрат дейді. Ал қазіргі кезде ораза ұстауға, намазын оқуға, шариғатын толық ұстанып жүруге кедергі жасап отырмаған елді тастап, басқа бір мемлекетке көшіп кету — ешбір Һижратқа себеп бола алмайды.

Егер сенің дініңді ұстануыңа, намаз оқуыңа, құлшылық жасауыңа жалпы мұсылмандыққа тыйым салып, ол сенің өміріңді кәдімгі ішкеніңді ірің, жегеніңді желім қылып жіберердей бір қысым көріп жатсаң, онда ойлануға болады көшу мәселесін. Ал негізінде дәл Қазақстан сияқты жаймашуақ, тыныш, бейбітшіл мемлекетті қазір әлемді шарлап таба алмайсыз. Мұсылмандыққа ең керемет жағдай Қазақстанда жасалып жатыр. Осындай мемлекетті тастап, басқа жаққа һижрат жасаймыз деген нәрсе бұл ешкімнің ақылына сыймайтын нәрсе.

Жиһадқа шақыру. Өз елінен, ортасынан, отанынан бөлінген бейбақты енді олар «Алла Тағаланың жолында күресу» деген мағынаны білдіретін «жиһадқа» шақыра бастайды. Қарапайым қыздарды «Сен Алланың жолында жиһад жасауың керек» дейді. Жиһадтыңда түр-түрін ұсынады. «Егер сен қолыңа қару ұстай алмайтын болсаң, сен өзіңнің тәніңмен, өзіңнің әйелдік сипатыңмен жиһад жасауың керек. Сол жақта Алланың разылығы үшін соғысып жүрген бауырларымызға өзіңнің тәніңді ұсынатын болсаң, ол сенің жиһадың болады» деп, қаракөз қазақ қыздарын жиһадқа да шақырып жүрген адамдар бар.

Міне, бұл айтылған арбау жолдарынан қыздарымызды қорғап бағуымыз қажет. Ал оларды қорғап, сақтаудың ең әсерлі жолы олардың бойында жат уағыздарға қарсы «иммунитет» қалыптастыру.

 – Қазіргі таңда, әлеуметтік желіде жазған хабарламалар қадағалауға алынған.  Білместіктің салдарынан біраз адам «діни экстримизмге қатысы болуы ықтимал» деген күдікпен тергеуге де алынды. Ал, ақ пен қараны ажырата алмайтын балаларды бұл олқылықтан қалай құтқарамыз?

Балаңызға ғаламтор мәдениетін өзіңіз үйретіңіз.Жоғарыда айтылғандай лаңкестердің арбау алаңы – ғаламтор беті мен әлеуметтік желілер. Өсіп келе жатқан перзенттеріміз жүректеріндегі діни «вакуумды» толтыру мақсатында ғаламторға кіріп, сол жерде жат пиғылды «жанашырлардың» қармағына ілініп қалмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Енді не істеу керек?

Ғаламторға кіруге, діни уағыздар тыңдауға, діни кітаптар оқуға жаппай тыйым салу мәселені шешпейтіні бесенеден белгілі.

Ғаламтордан кейбір жаңалықтарды оқығанда, оның бұзақылардың, арсыз, азғындардың, залымдар мен қылмыскерлердің ортасы деген ой келуі мүмкін. Сіздің таңнан кешке дейін әлеуметтік желілерде отырған перзентіңіз сондай бүлікшілердің құрбаны болып кетеді деген қауіп те жоқ емес. Бірақ жастарға ғаламторды дұрыс және қауіпсіз қолдануды үйретуге әбден болады. Оның жолдары бар.

Алдымен онлайн режимдегі өмір жайлы өзіңіз не білуіңіз қажет, соған тоқталайық.

Біріншіден, жастар ұялы телефондарынан ғаламторға оп-оңай кіре алады. Ал компьютердің отбасының барлық мүшелеріне ортақ бөлмеде тұру керектігі бұрыннан айтылып жүрген ереже.  Алайда ғаламтор желісіне жалғанған «планшеттер» мен «смартфондар» жас жеткіншектердің виртуалды әлемге жеңіл еніп кетуіне жол ашатын құралдарға жатады. Сондықтан, баланы ғаламтордан тыйып тастау мүмкін емес. Бұл жағынан алғанда, ғаламторға тыйым салу жол апатына ұшырайды деп көлік жүргізуге тосқауыл қоюмен бірдей. Ең дұрысы, балаңызға ғаламтор кеңістігін дұрыс қолдануды үйретіңіз.

Жас өспірімдер желілерде сағаттап отыруы ықтимал. Соған бақылау керек. Мысалы, 16-17 жасар жастар электронды пошталарын қарау үшін 5 минутқа кірем деп, сол жерде сағаттап видеолар көріп қалғанын өздері де байқай бермейді. Ендеше, бұл жерде баланың бойында өзін-өзі бақылау сезімін жетілдіру керек. Ата-ана жоқ жерде де жас балалар ар-ұят сызығын аттамауды, бір бәлеге ұрынбауды, қысқасы ойнап жүріп от баспауды үйренулері керек.

Балаңыз өзі жайлы өте көп ақпаратты «көшеге» таратуы мүмкін. Зерттеулер нәтижесіне қарасақ, қылмыскерлер өз нысандарына алған жастардың өздері туралы жазған ақпараттарын, жеке пікірлерін көбірек зерттейді. Сол арқылы олардың кім екенін, қайда тұратынын, мінез-құлықтарын, ата-анасының жағдайын біліп алады. Содан соң өздерінің «саясаттарына» сай келетіндерді біртіндеп қолға түсіруге кіріседі. Сондықтан балаңыздың өзі жайлы деректерді әр жерге жариялауы дұрыс емес екенін түсіндіріңіз.

Жас қыздар да кейде жастықтың желігімен өздерінің ең әдемі суреттерін көлденең көзге көрсетуге тырысады. Бірақ сол арқылы сұғанақ көздерге ұрынуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті қыз баласы өзінің суретін жалпы жұртқа жарияламағаны жөн.

 

Жазған дүниелерінің ақыры не боларын ойласын. Ғаламтор бетіне бір жазылған нәрсені шауып та, қырып та алып тастай алмайсыз. Бір жазылған нәрсе тасқа қашалғандай сіңіп қалады. Сондықтан балаңызға өзі, ата-анасы, жеке қасиеттері жайлы бір мәлімет жазарда әбден ойланып алуды үйретіңіз.  Ғаламторды ойсыз қолданған адам опық жеуі ықтимал.

Жастарға уақытты дұрыс пайдалануды және қай істің маңыздырақ екенін анықтауды үйретіңіз. Жауапкершілігі мол кісі болып өсу үшін қай іске көбірек мән беру керектігін үйренуі қажет. Отбасымен қарым-қатынас, білім іздену, үй шаруаларымен айналысу компьютер алдында телміріп отырғаннан әлдеқайда артық екенін жеткізіңіз. Егер балаңыз ғаламторды көп уақытын өткізіп жүрсе, бұл уайымдауға тұратын жәйт. Бұл уақытты те арада азайтуға тырысыңыз. Тіпті сағат өлшегіш қолдану да артық емес.

 

– Исламдағы бала тәрбиесі қандай болу қажет?

Балаңызды кейбір өмірлік ұстанымдарға баулыңыз.  Жетектеген тазы түлкі алмайды деген аталы сөз бар. Ешкім баласының қасында өмір бойы қосақталып жүре алмайды. Сондықтан  перзентіңізді имандылыққа, адамгершілікке, әрдайым өзіндік шешім қабылдай алатын салмақтылыққа, ар-намыс тазалығына, туралыққа, әділдікке баулыңыз. Сіз жоқ жерде де адамшылыққа қайшы іс қылудан арланатын болсын. Жақсылық пен жамандықты, адал мен арамды, ақ пен қараны ажырата алатын жағдайға жеткізуге тырысып бағу біздің міндетіміз. Әсіресе, қыз баланың тәліміне көңіл бөлуіміз керек. Ғаламтор бетінде алданып, өз өміріне балта шапқан талай қыз балалар бар. Кейде қыз балалар бес минуттық қателігі үшін өмір бойы зар илеп, өкініп өтетіні кездеседі.

Бос күлкі, пайдасыз әңгіме, елтең-селтең бекер жүріс, танымайтын адамдармен сөйлесу, шылым, темекі, сыра, т.б. жаман әдеттер қыздарға абырой әпермейтінін олардың санасына құю ләзім.

– Келесі сұрақ «Гендерлік саясат» жайында. Бүгінде еркек пен әйел құқығы тең деп айтылып та, жазылып та жатыр. Ал, діндегі әйелдің орны қандай? Ислам нәзік жандылардың құқығын шектей ме, әлде керісінше бұрымдылар мүддесін қорғайды ма?

— Ислам дінінде әйелдердің орны ерекше. Еркектермен тең болмаса олардан төмен рөл атқармайды. Исламда әйел біріншіден мұсылмандардың, му’миндердің тәрбиешісі. Исламның болашағы иманды аналардың алтын қолдарында. Дегенмен еркек пен әйелдің атқаруы тиіс жұмыс баптары өзгеше. Маңызды ережелер Исламдағы Шариғат заңы бойынша қарастырылады. Жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттермен ерекшеленеді. Егер бір – бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Құдай тағала еркек – әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел яки еркек етіп жаратар еді.

Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне ерекшеліктерімен екеуі бір – бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел мен еркек минус пен плюс заңдылықтары іспетті. Әйел денедегі жүрек болса еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары яки ақыл жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

Ендеше, әйел еркектен жоғары яки төмен деу, жалпы алғанда дұрыс айтылған сөз емес. Әрқайсысының қоғамда өзіндік қызметі бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады. Исламдағы әйелдің орны туралы тақырып аясында әркім әртүрлі пікір айтады. Тіптен ислам дінінен бейхабар адамдар тарапынан да білерменсіп жазатындар да жоқ емес. Батыстың феминизміне табынушы кейбір қандастарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ислам шариғаты әйелдердің құқығын таптайтыны хақында дінімізге жат, шариғатта айтылып, жазылмаған көріністерді таңып айтып та, жазып та жүр. Олардың шимайларынан қасиетті дініміз туралы дым білмейтіні айдан анық көрініп тұрады.

– Біздің облыс қазақылықтың қаймағы тұнған, дәстүрді дәріптеп, салтты сақтайтын өңір. Ал, діндегі дәстүрдің орны қандай?

– Дінді әлемдік деңгейде зерттеген уақытта Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін дәл қазақ халқы сияқты терең түсінген ел жоқ секілді көрінді маған. Әрине, тым асқақтата айтылған сөз секілді естілуі мүмкін. Алайда шындығында солай. Тіпті, бұл жағынан біз бүгін бүкіл мұсылман жұртшылығына үлгі бола аламыз. Мысалы, бір хадисте «Аллаға ақырет келтірген адам, қонағын қадірлесін» деген бар. Қонағын қадірлеу деген бұйрық бар, бірақ қалай екені айтылмаған. Осыны әр ұлт, әр халық өзінше атқаруға тырысады. Ал қазақ халқының қонақ қадірлеуі олардікіне мүлдем ұқсамайды. Қонағын Құдайындай сыйлап,  төрден орын беру, мал сойып, жөн сұрамай-ақ 3 күн күту қай халықтың салтында бар? Бес баласы бар қазақ малын алтыға бөліп, алтыншысын қонақтың еншісіне балаған. Оны қонақ сұраса алып кетеді, алып кетпесе жеп кетеді. Қазақ өзі жемеген асын қонағына сақтайды, астындағы атынан түсіп, қонағына мінгізеді. Мұндай мәрттік қай ұлтта бар? Басқа да асату, сарқыт сияқты деген дәстүрлеріміз ше? Бұлар да терең өркениеттің нышандары емес пе? Қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деген де аят бар. Сонымен қатар жомарт болуға шақыратын үндеулер де кездеседі. Қазақ халқы  мұны да өзіндік салт-дәстүрімен шеше білді. Мал сояды, айналасындағыларға қонақ кәде жасайды. Қалған асты жастарға асатады. Келіндеріне сарқыт деп береді. Ғажап емес пе? Бұл жерде әрі ысырапшылықтан қашу, әрі жомарттық. Жомарт болыңдар, ысырап болмасын деген екі талапты да халқымыз асқан даналықпен өз орнына қоя білді.  Қысқасы, баланың дүниеге келіп, өмірден өткенге дейінгі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің барлығы дінімізге, өркениетімізге байланысты. Осының барлығын жастарымыз жақсы білуі керек, әлемдік жаһандануда жастарымызды сақтап қалар құндылықтар, міне осы салт-дәстүріміз, өркениетіміз. Сондықтан біздің орталық бұл саланы да назарынан тыс қалдырмайды.

Алтын уақытыңызды бөліп, көркем ойларыңызбен бөліскеніңізге рахмет. Берген мәліметтеріңіз елдің қаперінде жүреді деген сенімдеміз.

ТҮЙІН:

«Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей». Атадан қалған қанатты сөз дәл осы тұста айтылса жарасады. Асылбек Ноғаевтың ортаға салған көркем ойлары бізге өмір бойы азық болар рухани қазына сыйлады. Қазақ «Көп жасағаннан емес, Көпті көргеннен сұра» деп, бекер айтпаса керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *