Бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға келді

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Көшпенділер» атты деректі фильмге арналған баспасөз конференциясына Моңғолияда тұрып жатқан бүркітші қыз — Айшолпан Нұрғайыпқызы қатысты. Әлемнің 30 елін аралап үлгерген Айшолпанның бұл тарихи Отанына алғаш келуі. Сондықтан да, оған сөз берілгенде толқып, көзіне жас алды.

«Бүркітті қолға үйрете бастауымның өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл жеті атамнан келе жатқан өнер. Оның үстіне өзім де бала кезімнен бастап бүркітпен бірге өстім. Ағам бүркітші болды. Ол кісі оқуын бітіріп, әскерге кеткенде бүркіт маған қалды. Оны қолға үйрете бастамас бұрын әке-шешемнен рұқсат сұрадым. Уақыт өте келе бүркіт ұстап әкеммен бірге аңға шығып жүрдім. Осыдан кейін Отто Белл есімді кісілермен бірге екі жарым жыл бүркіт туралы фильм түсірдік. Кейін тағы бір фотограф суретімді әлемге танытқан екен. Осы күнге дейін көптеген елге бардым, бірақ Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын», — деді бүркітші қыз.

Режиссер Отто Белл  2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы «Бүркітші қыз» атты  деректі фильм түсірген болатын. Ал, 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі — құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» атты Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті. Айшолпан Нұрғайыпқызы жайлы деректі фильм отандық арналардан 14 қазаннан бастап көрсетіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *